Патриот болу –
ұлы сезім
Әр адамның туған
жері, өмір сүретін қоғамы, еңбек ететін ортасы болады, біз оны – Отан дейміз.
Отан деген сөз грек тілінде – patrus, бізше патриот деген мағына береді екен.
Яғни патриот сөзі мен Отан сөзінің түп тамыры бір. Отан – адам үшін ең қадірлі
ұғым, оны тек туған ата-анамен қатар қоюға болады. Отан ұғымына туған
жердің орманы мен тоғайын, өзені мен көлін, тауы мен даласын, аңы мен құсын,
жазы мен қысын, былайша айтқанда оны қоршаған табиғи ортаны жатқызамыз.
Сонымен қатар
адамдардың туған-туысқаны, дос-жараны, құрбы-құрдасы, ол тұратын ауыл немесе
қала, ол оқитын мектеп немесе жұмыс істейтін ұжым, осының бәрі адамның санасын
қалыптастырып оның туған жеріне деген махаббатын оятатын болмыс. Әрине адам өз
елінің патриоты болу үшін ата-баба тарихын, халқының рухани мәдениетін және
салт-дәстүрін жақсы көріп, оны сүйе білуі керек.
Отан адамның өсіп ер жетуіне, оқып білім
алуына, жұмыс істеп тіршілік етуіне мүмкіншілік жасайды. Яғни Отансыз адамның
өмір сүруі мүмкін емес. Олай болса әр адамның өз Отанын қорғап, оның әрі қарай
дамып, гүлдене беруіне өз үлесін қосуы әркімнің перзенттік парызы. Алғашқы
қауымдық құрылыс кезінде адамдар руға, тайпаға бөлінді, бертін келе рулар
тайпаға, тайпалар ұлтқа бірігіп, іріленіп, әртүрлі тілде сөйлейтін халықтар
пайда болды. Адамдардың сыртқы пішіні бір-біріне ұқсас болғанмен олар тұрған
жерінің табиғатына, ауа- райына, айналысатын кәсібіне байланысты әртүрлі өмір
салтымен өмір сүреді.
Сонымен қатар
олар ұлтқа, нәсілге бөлініп, өздерінің қоғамын, мемлекетін құрып, өркениеттің
әр түрлі сатысында дамып отырады. Адам баласының даму тарихындағы бір ерекшелік
сол, олар әр кез бір тайпа екінші тайпамен, бір ұлт екінші ұлтпен бір мемлекет
екінші мемлекетпен бәсекелестікте болып, олар жер-су үшін немесе мәнсап, байлық
үшін бір-бірімен соғысып отырған. Осы соғыста жеңген мемлекет немесе ұлт өзінің
үстемдігін екінші елге жүргізіп, халқының мәдениеті, тілі, салт-дәстүрінің
дамуына кедергі келтіріп, олардын ұлттық санасын жойып, ассимиляциялауға
ұмтылған.
Салауатты өмір
салтының негізгі принципі «имандылықты сақтап, заңды орындап, парасатты өмір
сүруге» құштарлық таныту. Осы принципті басшылыққа алып өмір сүрген әрбір адам,
әрбір ұлт, әрбір мемлекет барлық уақытта да әділетті болуға ұмтылып, қоғам
ішінде түсінушілік пен бейбітшілік орнамақ. Имандылық деп біз адамның
адамгершілік қасиетін айтамыз.
Ал адамгершілік
қасиет бұл адамның ары мен ұятына байланысты. Егер де әрбір адам өзінің ары мен
ұятын бәрінен жоғары қоймаса ол адамның адамгершілік қасиеті де жоғары деп айта
алмаймыз. Сондықтан да әрбір адамның ары мен ұятын таза ұстап, имандылықты
сақтауы оның адамгершілік парызы болып саналады. Ал заңға келетін болсақ,
қазіргі кезде әрбір мемлекетте заң шығаратын орган бар және сол мемлекеттегі
қоғамдық жүйе парламент шығарған заңның шеңберінде жұмыс істейді. Қазіргі біз
айтып жүрген өркениетті елдердің бәрі саясатта, экономикада, мәдениетте жоғарғы
көрсеткішке осы заңды мойындау мен оны орындаудың арқасында қол жеткізді. Ол
мемлекеттерде өмір сүретін адамдар өздерінің қоғамдағы әлеуметтік, материалдық
жағдайына қарамай бәрі заң алдында тең құқылы болып саналады.
Сондықтан біз де
әділетті қоғамда өмір сүргіміз келсе, парламент шығарған заңдарға мойынсұнып,
оны орындау азаматтық борышымыз деп білуіміз керек. Біздің өмірдегі ойлаған
ойымыздың, алға қойған мақсатымыздың, іс-әрекетіміздің кей уақытта іске аспай,
қиыншылықтарға тап болып жататынымыздың себебі – парасатты өмір сүре
білмеуіміздің салдарынан. Адам ақыл иесі болғандықтан ол барлық уақытта не
істесе де саналы түрде, ақыл-парасатты басшылыққа алып әрекет етуі тиіс. Бірақ
та біз кей уақытта өмірге атүсті, жеңіл қарап, терең ойланбастан қателікке жол
беріп, соңынан оның азабын тартып отырамыз.
Сол себепті
әрбір адам әркез не істесе де ақылға салып, парасаттылықпен өмір сүруге ұмтылуы
керек.